logo

Шымкенттік ҚХА ассамблея мүшелері бас қосты

Таңдаулы Шымкенттік ҚХА ассамблея мүшелері бас қосты
  • Бөлім:  Саясат
  • Оқылды 18 рет

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысында Арыс қаласында орын алған жарылыс салдарынан зардап шеккен азаматтарға көмек беру мақсатында ҚХА жанынан құрылған штабтың жұмысы сараланды.

Кеңес мүшелері алдында күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша сөз сөйлеген қалалық ҚХА төрағасының орынбасары, штаб жетекшісі Мұратәлі Қалмұратов атқарылған жұмыстар жайын жан-жақты баяндап берді.
– «Төтенше жағдай орын алған алғашқы сәттен бастап Ассамблея мүшелері қолдан келген көмегінің бәрін көрсетті. Шымкентте ашылған штабтың қабылдау бекетіне жиналған азық-түлік өнімдері, киім-кешек, көрпе-төсек, жеке гигиеналық заттар мен дәрі-дәрмектер дер кезінде эвакуациялық бекеттер мен Арыс қаласына жөнелтіліп отырды. 700 адамға жатын орын дайындалып, күнделікті ыстық тағам ұйымдастырылды. Медиация кеңесінің мүшелері арыстықтарға құқықтық кеңес, психологиялық қолдау көрсетті. 27-ші маусымнан бастап ассамблея ұсынған көмек республиканың түкпір-түкпірінен жете бастады. Қаржылай жиналған көмек «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына аударылуда», – деді М. Қалмұратов.
Кеңесте ел аумағындағы ассамблея мүшелері тарапынан 87 млн, теңгеден астам көмектің көрсетілгені айтылды.
Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Орынбай Рахманбердиев осы бағыттағы игі іске қолдау көрсетіп заттай немесе қаржылай көмек берген ел аумағындағы барша этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне алғысын білдіріп, әлі де келіп жатқан гуманитарлық көмектерді жеткізуді үйлестіру бойынша жауаптыларға нақтылы ұсынымдар берді.