logo

Шымкентте батагөй ақсақалдар сайысты

Таңдаулы Шымкентте батагөй ақсақалдар сайысты
  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 145 рет

Шымкенттіктер қашан да тың жаңалыққа бейім. Жұрт арасында не шықса да Шымкенттен шығады деген пікірдің қалыптасқаны да рас. Осы орайда, қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы, қалалық «Рухани жаңғыру» кеңсесі және қалалық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен «Батаменен ел көгерер» байқауы өтті.

Жұрт арасында ерекше қызығушылық тудырған байқауға келген қала тұрғындары мен қонақтары батаның түр-түрін естіп, таңдайларын қақты. Ал арнайы жасақталған қазылар алқасына кіл мықтының арасынан нағыз мықтыны анықтау қиынға соқты.
Сәлем батасы, ас қайыру батасы, қалжа батасы, соғым батасы, ат қою батасы, беташар батасы сынды түрлі баталарды қайырған ақсақалдар ойының ұшқыр, тілінің шұрайлылығынан жұрт қазақ тілінің құнарлы әрі бай екендігіне тағы бір көз жеткізді.
Қаладағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарынан 8 батагөй қария қатысқан байқау қортындысы бойынша І орынға Қолдасбек Төлегенов лайық деп танылса, ІІ орынды Исенбек Битаев иеленді, ал жүлделі ІІІ орынды Жұрынтай Әбілдаев алды.
Сайыс жеңіппаздарына қаржылай сыйлықтар беріліп, барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбаевтың айтуынша, Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген байқауда ұлттық салт-дәстүр ардақталып, бата беру барынша дәріптелді.