logo

Шымкент: Күн тәртібінде шаһар тазалығы қаралды

  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 190 рет

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен қаланың тазалығына арналған жиын өтті. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында қала басшысы шаһар тазалығы көңіл көншітпейтінін және осы мәселе бойынша тұрғындардан шағымдардың жиі түсетінін айтты.
Ішкі аулалардағы қоқыстардың уақытылы шығарылмауы, жол бойындағы қоқыстардың тазаланбауы бүгінде шаһардың басты проблемасына айналғанын айтылған жиында саланы осындай деңгейге түсірген әрі өздерінің қызметтік міндеттерін сапалы орындамаған жауапты тұлғалардың жұмысы қатаң сынға алынды.
Осы орайда қала әкімі тазалық жұмысын күшейту мақсатында бюджеттен қаражат қарастыруды орынбасары Ербол Садырға, ал осы салада атқарылған жұмыстарға күнделікті мониторинг жүргізіп, ұйымдастыру шараларын жүргізуді орынбасары Бұқарбай Пармановқа тапсыды.
– Шымкенттің тазалығы баршамыздың ортақ міндетіміз. Аудан әкімдері халықпен тығыз байланыста болып, қаланы ластамау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізулері тиіс. Ал, тазалыққа жауапты ұйымдар өз жұмыстарына салғырттық танытса, олардың мәселелері қатаң қаралатын болады, – деді Е.Айтаханов.
Жиында қала аумағында құрылыс немесе жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың қызметіне бақылау шараларын күшейтіп, өсіп тұрған ағаштарды мүмкіндігінше кеспеуді, ал кесілген жағдайда бір талдың орнына он көшет отырғызу міндеттелді. Күн тәртібіндегі қаралған бұл мәселені жіті қадағалау жауапты орынбасарға жүктелді.