logo

Шымкентте «Soyle» жобасы жалғасуда

Таңдаулы Шымкентте «Soyle» жобасы жалғасуда
  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 62 рет

Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығында» «Soyle» жобасы аясында ашық форматта жүздесу өтті. Табысты һәм талантты жастарды бір алаңға жинаған шарада сөз сөйлеп, өз жетістіктерін баяндаған спикерлер мақсат қою, білім алу, еңбектену, жағымсыз әдет-дағдылардан арылу сынды жайттар бойынша сөз сөйледі. 

Кәсіби фотограф, табысты кәсіпкер, заманауи журналист сынды түрлі сала мамандарынан жасақталған сөз сөйлеушілер жас буынға өздерінің еңбек жолын қалай бастағанын қарапайым тілде баяндап, жастардың сауалдарына жауап берді.
Спикерлердің арасында «National Geographic» журналының меншікті фотографы және кеңесшісі, халықаралық көрмелердің қатысушысы Мақсат Шағырбай бар. М.Шағырбай өз ісінің қызығы мен қиыншылығын, іздену мен сәтті кадрды қалай таңдау керектігін тыңдаушылармен бөлісті. Ал, жас кәсіпкер Дінмұхамед Даулет брендтік жобаға қалай қол жеткізуге болатыны жайлы жан-жақты айтты. Сондай-ақ ол кофе-бар бизнесіндегі тәжірибесін ықыласты жастармен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 18-29 жас аралығында 264 мыңнан астам жастар бар. Жас буынның бос уақытын тиімді өткізу, кәсіпкерлікке баулу, шығармашылығын дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жұмыспен қамту бағытында қалалық «Жастар ресурстық орталығы» түрлі тың жобаларды табысты іске асырып келеді. Ал бұл жолғы «Soyle» жобасы аталған орталықтың қолдауымен екінші рет ұйымдастырылды.