logo

Шымкенттік 135 медициналық ұйым МӘМС жүйесіне дайын

  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 66 рет

Шымкент қаласындағы 36 мемлекеттік және 99 жекеменшік медициналық ұйым 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қолданысқа енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне дайын. Бұл туралы «БАҚ үшін медициналық сақтандыру» тақырыбында өткен семинар-тренингте Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев хабарлады. 

БАҚ өкілдері қатысқан семинарда сала мамандары жаңа жүйе жайында толық ақпарат беріліп, ақпараттық-насихаттық жұмыстарды бірлесе іске асыруға үндеді.
– Шымкентте 3 мыңнан астам дәрігер мен 8 мыңға жуық орта буынды медициналық қызметкерлер МӘМС бойынша оқытылды. Қазір біздің өзекті жайт – қала аумағындағы емханаларға тіркелмеген 28 мыңнан астам адамның мәселесі боп тұр. Медициналық сақтандыру жүйесіне келесі жылы өтеміз. Осыншама адам медициналық сақтандырусыз қалғалы тұр. Олардың арасында шет елден келген азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар, олар медициналдық ұйымдарға тіркелуге немқұрайлы қарауда. Сондықтан медициналық сақтандырудың тиімділігін халыққа мейлінше түсіндірсек, – деді басқарма басшысы.
Жаңа жүйенің тиімділігі, жарна мөлшері, сақтандырудан шет қалған азаматтар жайы, медициналық көмек алудағы өзгерістер туралы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры» Шымкент қаласы бойынша филиалының басшысы Сүлеймен Беккужинов жан-жақты талдап, айтып берді.