logo

Шымкент: АӘК-ты заңсыз алған 2149 отбасының жәрдемақысы тоқтатылды

Таңдаулы Шымкент: АӘК-ты заңсыз алған 2149 отбасының жәрдемақысы тоқтатылды
  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 58 рет

Атаулы әлеуметтік көмек – аз қамтылған азаматтарға және табыстары төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем. Өкінішке қарай, жер-жерде оны заңсыз жолмен алғандардың қатары да аз емес. Мәселен, Шымкент қаласында таяуда табысын жасырған 2149 отбасының жәрдемақысы толық тоқтатылды.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының хабарлауынша, 2019 жылдың 2 қыркүйегіне дейін атаулы әлеуметтік көмек алуға қала бойынша 66242 отбасыдан өтініштер түскен. Оның ішінде бүгінгі таңда 53 242-і қаралып, 45 684 отбасыға жәрдемақы тағайындалды. 7548 өтініш (16,5%) кері қайтарылған. Қабылданған өтініштердің саны 2018 жылмен салыстырғанда (10,8 мың отбасы) 6,7 есеге артқан.
Әрине, мемлекет қолдауын сезініп, тиісті көмегін алып жатқан азаматтардың да қатары аз емес. Мәселен, Шымкентте көмек алушылардың ішінен жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамтылуға жататын 23 637 адаммен әлеуметтік келісімшарттар түзілген. Олардың 5633-і жұмысқа орналастырылды.
Дей тұрғанмен, Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 7424 отбасының табысын жасырғандығы анықталып, 2149 отбасыға тағайындалған төлемдер толық тоқтатылды. Бүгінгі таңда 3 отбасы 828 392 теңгені өз еркімен бюджетке қайтарса, 268 отбасыға хабарландыру таратылды. Ал, 5275 отбасының әлеуметтік төлемдеріне қайта есептеу жүргізілуде. Бүгінгі күнге 1252 отбасының төлемдері қайта есептеліп, тағайындалған сомасы кемітілді.
Қаладағы 4 ауданда өңірлік комиссиялар құрылып атаулы әлеуметтік көмек алушылардың табыстарын қайта қарау жұмыстарын жүргізуде.