logo

Шымкент: Жұртшылықпен байланыс бекемдейді

Таңдаулы Шымкент: Жұртшылықпен байланыс бекемдейді
  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 78 рет

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімдігінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығымен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауын жұртшылыққа түсіндіру мақсатында арнайы жиын өтті. 

Аудан тұрғындары қатысқан жиында сөз сөйлеген спикерлер Президент Жолдауын жан-жақты жеткізіп, алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Саяси құжатта айтылған негізгі басымдықтарға баяндаған аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов Жолдау жүктеген міндеттер бойынша нақты жұмыстар жүйелі іске асатынын айтты. Сондай-ақ, жұртшылықпен байланыс барынша бекемделетінін жеткізді.
– Президент Жолдауда негізгі бес мәселеге тоқталды. Соның ішінде халықпен тиімді кері байланыс орнату мәселесіне басымдық берді. Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуда нақты тапсырмалар жүктеді. Әл-Фараби ауданында соңғы жеті айда 2 мыңға жуық арыз-шағым келіп түсті. Оның 80 пайызға жуығы қанағаттандырылды. Әлеуметтік желілер арқылы келген шағымдарды дер кезінде қарап, шешу жолдарын қарастырдық, – деді аудан әкімі.
Аудан активінде қалалық мәслихаттың депутаты Төрайым Сұлтанова,М.Әуезов атындағы ОҚМУ тәрбие ісі және жастар саясаты департаментінің директоры, философия ғылымдарының кандидаты Сәкен Мәжінбеков, ардагер-ұстаз Баян Жандосова сынды азаматтар Жолдаудағы бағыттар бойынша баяндама жасап, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.