logo

Шымкентте сыртқы жарнамалар түзетілуде

  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 89 рет

Шымкент қаласының сәулеттік келбетін көркейту, коммерциялық нысандар мен сауда орындарының ғимараттарында орналасқан сыртқы және көрнекі жарнамаларды ретке келтіру әрі салық түсімдерін ұлғайту мақсатында Әл-Фараби ауданы әкімдігі кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.

Жоспарлы түсіндіру жұмыстарына аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары, аудандық жергілікті полиция басқармасы мен қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының жауапты қызметкерлері жұмылдырылды.
Ескі қалашық аумағындағы Әйтеке би көшесі бойында орналасқан құрылыс материалдарын сататын бірқатар коммерциялық нысандардың иелеріне «Жарнама туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Заңдардың талаптары түсіндірілді.
Нысан иелеріне Салық кодексінің 603 және 605-баптарына сәйкес жарнаманы заңдастыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескерту парақшалары таратылды.
Әл-Фараби ауданы әкімдігі мамандарының хабарлауынша бұл бағыттағы жұмыстар тоқсан сайын ұйымдастырылып, жоспарлы іс-шаралар жалғасын табатын болады.