logo

«Шымкент – қауіпсіз қала» жобасы бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда

  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 76 рет

Шымкент қаласында «Шымкент – қауіпсіз қала» жол картасы аясында жоспарланған жұмыстар мақсатты орындалып келеді. Бұл жолы түсіндіру жұмыстары Әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандар мен сауда нүктелерінде ұйымдастырылды. 

Түсіндіру барысында дүкендер мен сауда орындарының иелері мен қызметкерлеріне түнгі сағат 21:00-ден кейін алкогольді ішімдіктерді сатпау және 23:00-ден кейін қоғамдық тыныштықты сақтау бойынша қолданыстағы заң талаптары ескертілді.
Шаһардағы Республика даңғылы мен Төлеген Айбергенов және Әліби Жангельдин көшелері бойында орналасқан азық-түлік дүкендері мен ойынханаларда және дәмханалардың иелеріне заң талаптары ұғындырылып, арнайы парақшалар таратылды.
Аталған түсіндіру жұмыстарына ұйытқы болған Әл-Фараби ауданы әкімдігі мен қалалық жергілікті полиция қызметкерлері бұл бағыттағы жұмыстардың бекітілген іс-шара жоспарына сай тұрақты жүргізілетінін айтты.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңында (9-бабының 3-тармағы) алкоголь өнімін, тиісті лицензиясы болмаса сақтауға және өткізуге, алкоголь өнімін 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады.
Аталған Заң талаптарын сақтамау кәсіпкерлік субъектісінің санатына сәйкес, 25-тен бастап, 600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.