logo

Айтаханов Шымкенттегі құрылыс нысандарын аралады

Таңдаулы Айтаханов Шымкенттегі құрылыс нысандарын аралады
  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 122 рет

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Қала әкімі Ерлан Айтаханов қаладағы ірі құрылыс нысандарды аралап, жұмыстардың баяу жүріп жатқанын айтты.

Қала басшысы құрылысқа жауапты мамандардың жұмысты ұтымды ұйымдастыра алмағанын сынға алып, ең алдымен сапаға мән беруді тапсырды. Сонымен қатар, құрылыс қарқынын арттырып, мердігерлердің жұмысын ерекше бақылауға алу керектігін айтты.
Е.Айтаханов қаладағы халықаралық әуежайдың жаңа терминалының құрылыс жұмыстарымен танысты. Сағатына 400 адам қабылдайтын жаңа терминал іске қосылған кезде, жолаушылар ағыны 10 есеге дейін артпақ. Сала мамандарымен кеңескен қала әкімі мұндағы жұмыстарды ширату туралы жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді.
«Қызылжар» шағынауданындағы А-2 автожолының және А-2 Бадам көпірі мен Д.Қонаев даңғылы құрылыстарының жұмысын бағамдаған қала басшысына «Қошқар ата» өзені жағалауын абаттандыру, ескі қалашықтағы «Цитадель» жобасы мен «Shymkent сity» тұрғын алабындағы «Конгресс центр» жобасы таныстырылды.
Қала әкімі Шымкенттің заманауи жаңа келбетін қалыптастыру үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін біріктіріп, тиімді жұмсау керектігін айтты.
– 2020 жылы Шымкентте ТМД елдерінің мәдени астанасы жылын өткіземіз. Сондықтан, қазір әрбір саланың басшылары жұмысын ширатуы керек, – деді Е.Айтаханов.
Бұдан бөлек қала басшысы құрылысы жүріп жатқан «Бозарық 220/110/10 кВ» қосалқы стансасына барды. Қаладағы 10 жаңа тұрғын үй алабын немесе 250 мың тұрғында үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ететін жобаны қала әкімі уақтылы аяқтауды міндеттеді.