logo

Айтаханов Шымкентке бекітілген сектордың жұмысын бақылады

Таңдаулы Айтаханов Шымкентке бекітілген сектордың жұмысын бақылады
  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 71 рет

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов жұмыс сапарымен Арыс қаласына барып, онда Шымкент қаласы әкімдігіне бекітілген №10 сектордағы құрылыс қарқынын бақылады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Сектордағы жұмыс жайын өз көзімен көріп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берген Ерлан Қуанышұлы шымкенттік құрылысшылар қалпына келтірген тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар туралы жұртшылықтың пікірін тыңдады.
Әр апта сайын Арыс қаласына арнайы келіп, қалпына келтіру жұмыстарының қарқындылығы мен сапалы жүргізілуін қадағалайтынын жеткізген мегаполис әкімі Шымкент қаласына бекітілген сектордағы құрылыс жұмыстарының жеке назарында болатынын айтты.
Құрылыс барысы мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерген қала басшысы сектордағы құрылыс компанияларының өкілдерімен және құрылысшылармен кездесіп, жоспарлы жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттілігін айтып, қарқынды күшейтуді жүктеді.
Айта кетейік, Шымкент қаласына тиесілі №10 секторда 636 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жүргізілсе, өртенген және апатты деп танылған 37 үйдің орнына жаңа үйлер салынуда. Сала мамандарының хабарлауынша, мұндағы құрылыс жұмыстары алдағы айларда толығымен аяқталмақ.