logo

Шымкентте «Офарин» фестивалі өтті

Таңдаулы Шымкентте «Офарин» фестивалі өтті
  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 105 рет

Бүгін Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында қалалық өзбек этномәдени бірлестігі мен қалалық ҚХА-ның ұйымдастыруымен дәстүрлі «Офарин-2019» өнер фестивалі өтті.

Жастар жылына орай ұйымдастырылған игі шараға шымкентік жас таланттармен қатар өзбекстандық өнерпаздар қатысып, жиналған көпшілікке өз өнерлерін көрсетті.
Осыдан 27 жыл бұрын бастау алған дәстүрлі фестивалге қатысушылар достық, махаббат тақырыптарында ән салып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов пен Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов және Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Т.Хакимбеков құттықтау сөз сөйлеп, дәстүрлі шараның мән-маңызына кеңінен тоқталды.
И.Хашимжанов Қазақстанда өмір сүріп жатқан барша этностардың тілі мен мәдениетінің сақталуына мемлекет тарапынан лайықты жағдай жасалғанын айтып, өнер сайысына қатысушыларға сәттілік тіледі. «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы өз сөзінде:
– Биылғы «Жастар жылы» аясында өткізіліп отырған фестиваль жас таланттарды танытып, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Е.Байқонақов.
Естеріңізге салайық, бүгінде шымкенттік тұрғындардың 17 пайызын өзбек этносы құрайды. Қалада 4 мектеп өзбек тілінде білім берсе, 13 мектепте өзбек сыныптары ашылған. Одан бөлек, өзбек драма театры жұмыс істейді және 3 басылым жарық көреді.