logo

Түймебаев ескі қалашықтағы жаңа археологиялық қазба жұмыстармен танысты

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Шымкент қаласындағы «Ескі қалашық» аумағында жүрзіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстармен танысты.

Қалашықтағы қазба жұмыстарын «Археологиялық сараптама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Қазір мұнда археологиялық қазба жұмыстарының бірінші кезеңі басталған. Аумағы 1000 шаршы метр болатын жерасты қаласын аршыған археолог-ғалымдар көптеген тарихи жәдігер тапты.

Осындағы жұмыстарды аралап көрген аймақ басшысы бірінші кезекте аталған жұмыстарды тоқтатпауды және табылған жәдігерлерді сол қалпында сақтап қалу үшін қазба аймағын қорғау, қоршауды қала әкіміне тапсырды.

Сондай-ақ, әкім анықталған тарихы нысандарды есепке ала отырып, қайта қалпына келтіру ісін де қатар жүргізуді айтты.

«Мынау көріп тұрғандарыңыз - Цитадель. Осының барлығын құртпай, жоғалтпай сақтауымыз қажет қой. Бұл 19 ғасырдың соңындағы суреттер.  Бұған енді бір жарым ғасыр өтті,  алайда біздің қорғанымыздан түк қалмаған. Ал жалпы тарихта   бір жарым ғасыр деген түк емес, ондаған ғасырларға сақтау керек.  Сондықтан түптен жойылмай тұрғанда,  дер кезінде осыны қолға алып, тиісті жұмыстарды  бастап  жалғастыруымыз қажет»,- деді аймақ басшысы.

Бұл аумақ тарихи-мәдени орын болғандықтан, бұл маңға 50 метрге дейін құрылыс салуға болмайды. Сондықтан «Ескі қалашықтағы» жеке нысандардың жері алдағы уақытта мемлекет меншігіне қайтарылады.

Осы ретте, облыс әкімі аумақта салынған жеке тұрғын үйлер мен ондағы дүкендерді басқа аумаққа көшіру жұмыстарын тыңғылықты түрде жүргізуді қала басшылығына міндеттеді.

Қазір қала әкімдігі тарыпынан  ескі қала орнының аумағында археологиялық  парк-музейі, ашық аспан астындағы музей құру үшін  жобалық сметалық құжаттамасын дайындауға және археологиялық жұмыстар жүргізуге қалалық бюджетінен 100 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.