logo

Қазақ тіліне судай Шухрат

Түркістан қаласының іргесіндегі Шорнақ ауылдық округінің тұрғын саны бүгінде он екі мың сегіз жүз халықты құрайды. Ауыл бұрыннан мал шаруашылығымен аты әйгілі, үздіктер қатарынан көрінген, алыс-жақын ағайынмен сыйласып отырған ел. Осы күндері де тұрмыстары жаман емес, Аша мен Қосмезгіл елді мекендері Шорнаққа қарайтындықтан, мұнда үш мектеп және бір мектеп-интернат бар.  

Соңғы кездері Шорнақтан шығатын кеңсе жиһаздары арқылы ауыл есімі жиі аталып жүр. Әрине, жетістіктерін мақтанышпен ауызға алып жатса, бұл абыройлы марапат. Осындағы жеке кәсіпкер Құдірет Құдайбергенов басқаратын жиһаз кәсіпорны облыста жылдың үздік тауары ретінде танылып үлгерді. Цехта қырықтан астам жұмысшы еңбек етеді, солардың ішінде жұмыстың бастан-аяқ тиянақты, сапалы жүруіне жауап беретін шебер, өзбек ұлтынан болса да, қазақшаға судай, қазақ халқын құрметтеп өскен  Шухрат Гуламов жайлы бүгін әңгіме шерткелі отырмыз.

Шухрат әу баста цехқа қатардағы қарапайым жұмысшы болып келген. Ағаш тасып, ертелі-кеш ұсталарға көмектесіп, қажет жерде дайын жүкті артып тыным таппайтын. «Еңбек ептілікті сүйеді», Шухрат ерінбей-жалықпай, әрбір іске ыждағаттылықпен қарайтын жан. Шеберді шеге қағысынан таны деген, оның ұсталыққа икемді екенін байқап қалған басшылық мұнан бұлай енді жауапты жұмыстарды сеніп тапсырып, тыңғылықтығына иек арта бастады. Көңілдерінен шыққан маман болғандықтан шығар, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қайта даярлау курстарын оқыту кезінде Шухраттың білімін шыңдауына еш қарсылық білдірмеді.

 

Түркістандағы Халықты жұмыспен қамту орталығының Шорнақ ауылына бекітілген маманы Зәуре Бердалиева:

-«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының үшінші бағыты – кәсіптік бағдар, мамандарды қайта даярлау, біліктілігін арттыру болғандықтан, үш айлық немесе бір жылдық оқыту курсынан өткіземіз. Гуламов Шухрат №21 кәсіптік колледжінде арнайы курс оқып, ағаш шебері мамандығын алып шықты. Бұл күнде Шорнақтағы жиһаз кәсіпорнында білдей мамандардың бірі, - дейді.

Расында, өнерліге қашанда есік ашық ғой, жұмыс орнына қайта келіп жайғасқан Шухрат бұрынғыдан белсене кірісті. Өзінің машықтанған станоктарында ағаш жонып, үстел мен орындықтардың өлшемін алып, сәйкесетін тұсын туралап, желімін жапсырып, қалайда тұтынушыға сапалы тауар ұсынудың қамымен жүрді. Бірте-бірте білгендерін қасындағы жұмысшыларға үйретіп, өзі де сол команданың басқарушысы болып шыға келгенін байқаған жоқ.

Шухрат сөзден гөрі істі жақсы көреді. «Қолың ұста болсын, сөзің қысқа болсын» деген мақал дәл Шухратқа қарап айтылғандай. Сөзге жоқ біртоға болғанмен, іске мығым. Мұнда кеңсе жиһаздары, асхана үстелдері мен орындықтары жасалады. Ағаштар Ресейден, өзіміздің Қостанайдан әкелінеді екен. Көбінде қарағай ағаштары. Орындықтардың бағасы ағаш түріне, яғни сапасына байланысты. Кейбірі сегіз мың, он мың теңгенің төңірегінде, енді бірі төрт мың, алты мың теңгенің айналасында. Орындыққа тұтатын мата, желім, тағы басқа жұмсалатын материалға қарап, баға қойылады. Негізі материал – ағаш. Расын айтқанда, қымбат тауар. Цех басында жүріп көз жеткізгеніміз, мұндағы жиһаздар тек ағаштың өзінен жасалады. Бұл өнімнің мықтылығын білдіреді. Шетелден, әсіресе Қытайдан келетін жиһаздардың дені жаңқадан жасалатынын білетін боларсыз. Осы жерде сұрақ туындағаны рас. «Біздің тауар өндірушілеріміз әлемдік нарықты жаулаушы Қытай тауарларымен, соның ішінде жиһаздарымен бәсекелесе алып тұр ма? Олардың бағасымен салыстырғанда біздің отандық тауар шығынан ақтай ала ма?» деген сауалдарды қойдық.

-         Қытай тауарларымен салыстырғанда сапа тұрғысынан айырмашылықтар бар, - дейді Шухрат Гуламов. – Мәселен, шекара асып келетін орындықтардың қиысқан тұсы желіммен бекітілген. Ал, біз желіммен де, шегемен де бекітеміз. Оған қанша салмақ салсаңыз да төтеп бере алады. Орындықтың арасы оңайлықпен ажырап кете салмайды, желімнің де ең сапалысы Ираннан келетіндерін тұтынамыз. Өнімнің бағасы туралы айтатын болсақ, қытай тауарымен қатарлас.

Сапалы болғандықтан қазір кәсіпорынның орындықтарын еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыспен әкетеді. Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Талдықорған, Орал, өзіміздің Шымкент қаласында арнайы делдал дүкендер орналасқан. Бағасы цех бағасынан тым алшақ емес. Үстел мен орындықтардың түрлері күннен күнге көбейіп келеді. Сыртқы әрлеу дизайндары да көзге тартымды. Айтпақшы, кәсіпорынды қалдықсыз өнім шығаратын өндіріс орны деп атасақ болады. Мұндағы ағаш жаңқалары мен ұнтақтары желге ұшып жатқан жоқ, оның да кәдеге асар орны бар. Ағаштан артылған қалдық ұнтақтардан брикет деп аталатын еуропалық үлгідегі биоотын шығарады. Яғни үйдегі ошаққа тамызық ретінде, кәуап пісіруге таптырмас зат. Оны да нарыққа шығарып жатқан жайы бар, келісі 30 теңгеден, үш келі, бес келілік, тұтынушылардың тапсырысына қарап тіпті он-жиырма келілік қаптармен қаптап, әп-сәтте дайындап бере алады.

И.Есжанов