logo

ОҚО-да журналистер мен блогерлер киелі жерлерді аралап қайтты

Оңтүстік Қазақстан облысында «Руxани жаңғыру: Оңтүстіктегі туризмді насиxаттаудың заманауи теxнологиялары» тақырыбында журналистер мен блогерлерге арналған семинар-тренинг өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған шара аясында семинарға қатысушылар оңтүстіктегі киелі жерлерді аралап, жергілікті шаруа қожалықтардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.  

Семинарға республикалық, облыстық БАҚ-тарда еңбек етіп жүрген журналистер, блогерлер жəне Оңтүстік туризм орталығының өкілдері бас қосты. Мақсат - туризмді дамыту үшін электронды ресурстарды пайдалану арқылы аталған салаға үлес қосу болды.

«Ontustik tourism center» туристік ақпараттық орталығынан басталған семинар-тренингке қатысушылар Төле би ауданындағы киелі жерлерді аралап көрді. Қазығұрт ауданындағы «Ғайып ерен қырық шілтен» әулиесіне барып, зиярат етті. 

Сонымен қатар аталған аудандағы ашылғалы тұрған құс фабрикасымен, жергілікті серіктестік пен ауданның мәдениетімен, ауыл шаруашылығы өнімдерімен танысты. Семинар-тренингтегі басқосу табиғаты тамаша демалыс аймағында жалғасын тапты. Онда туризм саласындағы өзара пікір алмасулар мен ұсыныстар айтылып, талқыланды.

дереккөзі: inform.kz