logo

Еңселі ту Түркістанның төрінде орнатылды

  • Бөлім:  Саясат
  • Оқылды 346 рет

Бүгін Түркістан қаласында рәміздер алаңы ел игілігіне беріліп, еліміз бойынша биіктігі жағынан үшінші алып ту Түркістан төрінде желбіреді. Ту тұғырдың биіктігі  - 62,5 метрді құрайды. Ал, байрақтың ені 12 метр болса, ұзындығы 24 метр. Азаматтардың туған жерге және оның рәміздеріне деген құрметті арттыру, патриоттық рухын ояту мақсатында салынған алаңның салтанатты ашылуына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Тəуелсіздік - Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі – рəміздеріміз бар. Оның біріншісі - Елтаңба, екіншісі-Əнұран, үшіншісі - Көк байрақ, төртіншісі - қазақ тілі» деген сөзі бар. Сондықтан Егеменді еліміздің қасиетті нышандарын қадірлеу – Қазақстанды – Отаным деп есептейтін әрбір азаматтың парызы деп есептеймін. Рәміздер - біздің ұлттық арымыз бен намысымыз. Ендеше бүгінгі ашылып отырған «Рәміздер алаңына» құрметпен қарап, намысымызды қорғай білейік дегім келеді», - деді облыс әкімі.

Бекзат Саттарханов даңғылының бойында салынған алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері көрініс тапқан және елдік мұратты меңзеген Елбасы мен қазақ елі қайраткерлерінің қанатты сөздері жазылған арнайы тас тақталар сап түзеген. Нысанның құрылысын «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС-і жүргізген. Рәміздер алаңын салуға жергілікті бюджеттен 230 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, сол ақша толығымен игеріліп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Онда түрлі кіші архитектуралық формалар мен су бұрқағы, беседкалар, орындықтар, урналар, газондар мен гүл клумбалары орнатылып, декоративті ағаштар отырғызылған.