logo

ОТЫРАРДА КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 42 рет

Бүгін Ораза айтының соңғы күні Отырар ауданы, Темір ауылындағы көпбалалы Мүсіреповтер отбасы бес бөлмелі баспанаға ие болып,

қуанышқа кенелді. Пәтерден – пәтерге көшіп, тұрмыс қиындығын көріп жүрген отбасыға қол ұшын созған - жеке кәсіпкер Бауыржан Қаныбеков пен «Темір» жалпы орта мектебін 1994 жылы бітірген түлектер.
Күні бүгінге дейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған елге тағзым» бағдарламасына сәйкес ауданның өсіп - өркендеуі мен дамуына Отырардан шыққан кәсіпкерлер аянбай қолдау білдіріп келсе, баспана сыйлау дәстүрі тұңғыш рет бастау алды.
Аталған игілікті шараға қатысқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов туған жерін түлетуге атсалысып, қайырымдылық жасауға да ынтық аудан азаматтарына алғысын білдірді.
- «Қазақ халқы «Қайырымдылық - қайырлы іс» деп бекер айтпаса керек. Қасиетті Рамазан айында ниет білдіріп, Ораза айттың үшінші күнінде жаны жомарт ауыл азаматтары көпбалалы отбасының шаңырағына шуақ шашып, жүректерінің жылулығын бүлдіршіндерге сездіре білді. Қиын сәтте қол ұшын созып көрсеткен көмек ешқашанда ұмытылмайды. Әзімхандай ағамыздың ұлы, асылдың көзі Бауыржан жыл сайын мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен қамтамасыз етіп, көмектер көрсетіп келеді. Ауылдағы қайырымдылық шарасы мұнымен тоқтамайды. Тамыз айында темірліктер тағы да қуанышты сәттің куәсі болмақ. «Темір» мектебін 1999 жылы бітірген түлектер өздерінің көпбалалы сыныптасына 3 бөлмелі тұрғын үйдің құрылысын бастап, қызу жұмыстар жүргізуде. Мұнан бөлек биыл аудан бойынша аудандық бюджет және демеушілер есебінен 40 көпбалалы отбасылардың үйлері ағымдағы, күрделі жөндеуден өтетін болады. Бүгінгі қуанышты сәтпен баршаңызды құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін!» - деді Ерлан Айтаханов.
Аудан әкімдігі атынан көпбалалы отбасына тоңазытқыш, кір жуатын машина, үйге қажетті жиһаздар тарту еткен аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы мұндай сауабы мол игілікті істер алдағы уақытта да жалғасын табатындығын атап өтті.
Қайырымдылық шарасында сөз алған 1994 жылғы бітірген түлектер атынан Сұлтан Баймаханов Мүсіреповтердің отбасына баспана кілтін салтанатты жағдайда табыстаса, ардагер ұстаз, ауылдың батагөй қариясы Айтуар Төлегенов баспана иелерін шын жүректен құттықтап, ақ батасын берді.
Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі