logo

Сайлауға қатысты сарапшылар бас қосты

Таңдаулы Сайлауға қатысты сарапшылар бас қосты
  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 245 рет

Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында алдағы Президент сайлауына қатысты «Сайлау-2019: алдағы науқанның ерекшеліктері» тақырыбында эксперттік талқылау жиыны өтті. 

Жиынға «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі қалалық филиалының жетекшісі Жұмағали Білісбеков, қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұқарбаев, «Ontustik» телеарнасының директоры Уәли Қыдыр, Қазақстан Журналистер Одағы қалалық филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педгогикалық университетінің проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Баршагүл Исабек, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Асхат Есеналиев және т.б. қатысты.
Басқосуда сөз сөйлеген «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі қалалық филиалының жетекшісі Ж.Білісбеков 9 маусым күні өтетін Президент сайлауының маңыздылығына тоқталып, саяси науқан кезінде белсенділік таныту қажеттілігі туралы айтты. Қала аумағындағы 45 үкіметтік емес ұйым әрекет ететінін жеткізіп, қоғамдық ұйым өкілдері тарапынан сайлаудың әділ өтуіне атсалысатынын хабарлады.
Қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Н.Бұқарбаев Шымкентте жұмысын бастаған «Аманат» азаматтық алаңының маңыздылығын атап өтсе, Қазақстан Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова сайлауға әрбір шымкенттік белсене қатысып, дауыс беруге, таңдау жасауға құқылы екендігін жеткізді.
Жиында биылғы сайлауға Шымкентте 122 мыңнан астам жастың қатысатыны баяндалып, 9 маусымда қала аумағында 260 сайлау учаскесі жұмыс істейтіні айтылды.
Сан алуан пікірлер айтылған басқосу соңында сарапшылар ел ертеңі үшін көпшілікті алдағы сайлауға белсене қатысуға шақырды.

Сурет Серік Қосаевтікі