logo

Аудан басшысы ардагерлерді мерекемен құттықтады

Таңдаулы Аудан басшысы ардагерлерді мерекемен құттықтады
  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 254 рет

Ұлы Жеңіс мерекесінің 73 жылдығы қарсаңында Отырар ауданының әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы Ұлы Отан соғысы ардагерлері Сейдахан Дәуренбеков, Несіпбай Нахыпов пен Тұрғанбай Сәбитовтің және Хадиша Бекқұлиева әженің шаңырақтарына барып, тарихи мерекемен құттықтады.

Тек мереке кезінде ғана емес, ұрпақ баласының жарқын болашағы үшін жанқиярлықпен ерлік көрсетіп, жастық өмірін майдан даласының өмір мен өлім арасындағы арпалысына арнап, патриоттық сезімнің жарқын үлгісін көрсеткен ардақты жандардың жағдайы мен тыныс-тіршілігінен хабар алып, отбасыларына жиі бас сұғып отыратын аудан басшысына қариялар да шексіз алғысын білдіріп, ақ баталарын беріп жатты.
Зұлмат шақта Отырар ауданынан 4000-нан аса азамат ұрыс алаңына аттанса, қазіргі таңда, үш Ұлы Отан соғысы ардагері мен төрт жүз жиырма жеті тыл еңбеккері бар.
"Ерлік пен қайсарлықтың, өжеттіктің арқасында қасық қаны қалғанша жауымен айқасып, болашағына көз тіккен теріс пиғылдан ел ертеңін азат ету жолында патриоттық рухының асқақтығын көрсеткен қарулас достардың әрқайсысының бейнесі көз алдымда. Ақ қар, көк мұзда туған жер топырағына жете алмай көз жұмғаны да қаншама. Біз көрген соғысты ұрпағымыз көрмесін. Еліміздің бейбіт өмірі мәңгілік болсын! Боздақтардың ерлігімен келген бақытты өмірдің қадірін ұғынып, аманатына адал болу әрбір азаматтың басты міндеті"-деп, 96 жастағы Нахыпов Несіпбай қария соғыс жылдарын еске алды.
Ел ардақтыларына облыс әкімі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының да ізгі тілегі мен сый-сияпатын табыс еткен аудан әкімі ардагерлердің иығына зерлі шапан, асыл ана басына ақ орамал жауып, бүгінгідей бейбіт күннің жолында зұлым жаумен жан аямай шайқасып, тылда да күні-түні тынбай еңбек еткен абзал жандарға перзенттерімен бірге бақытты да баянды ғұмыр сүрулеріне тілектестік білдірді.
Сонымен қатар, Отырар ауданында айтулы мерекелерге орай ауыл шаруашылығы мен жергілікті тауар өндірушілері өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Мерекелік жәрмеңкеде кәсіпкерлер мен дихандар тұрғындардың күнделікті тұрмысына қажетті азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен бағада ұсынды. Таңертеңнен басталған игі шарада құс еті мен жұмыртқа, балық өнімдерімен қатар, картоп, қызанақ, ет-сүт, қымыран өнімдеріне сұраныс артты.
Отырар ауданында азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізу дәстүрге айналған. Айтулы бастамаға халықтың да айтар алғысы мол.
Сондай-ақ, отырарлықтар 7 мамыр - Отан қорғаушылар және 9 мамыр-Ұлы Жеңіс күні мерекелеріне ерекше дайындық үстінде. Жалпы аудандық деңгейде ұйымдастырылатын шарада көптеген тәрбиелік-танымдық бағытты айқындап, әрбір жанға ерекше ой саларлық жаңаша бағдарламалар кең көлемде дайындалуда.

Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі