logo

ҚАЗАҚТАРДАН ҚАШҚАН НЕМІС ҚЫЗЫ

  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 400 рет

Бірде марқұм əкеміз екеуміз Алматы қаласынан Түркістанға қарай пойызға отырдық. Қасымызға Қызылордадағы Шиелінің қазақтары, сонан кейін ұлты басқашалау, ірі денел, сары шашты қыз келіп жайғасты.


Əкем жарықтық болмысынан əңгімешілдеу адам-тын. Отырғандарға өзі бірінші болып, сөз бастап, таныса бастады. Əлгі Шиелінің қазақтарымен сұраса отырып, соңында екеуі бір-біріне туыс болып шықты. Бір кезде əкем шет жақта елден ерек болып, көк көзі жыпылықтап отырған ірі қызды сөзге тартты: «Ұлтың не? Қайда тұрасың? Қайда сапарлаттың?»
Сірə, бұл қызбен де туыс болып қаламын деп ойлаған шығар әкем. Əлгі қыз өзінің германиялық екенін, ұлтының неміс екенін, ал Қазақстан туралы интернеттен көп оқып-білгенін, сондай-ақ елімізге үлкен қызығушылығы артып, өз көзімен көріп-білуге келе жатқанын айтты. Өзі орыс тілінде таза сөйлейді екен. «Жөн екен», - деп əкем де қуанып кетті.
Әкем содан Алматыдан Түркістанға жеткенше əлгі қызға Қазақстан жайлы айтумен болды. Жеріміздің кеңдігін, халқымыздың қонақжайлылығын, елімізден шыққан зиялылар туралы да айтуды ұмытпады. Күні бойы көк көз қыздың кішкене банкадан шұқылап, езбе жеп отырғанын байқап отырған əкем: «Қолыңдағыңды қой. Сен енді Қазақстандасың, - деп жолға алып шыққан қазысынан үлкен етіп əлгіге кесіп берді, - ақыры
қазақты тануға, білуге келе жатыр екенсің. Ендеше біздің ұлттық тағамымыз - қазы-қартамен таныса отыр».
Шиелілік туыстар да жолға қымыз, құрт алып шыққан екен. Олар да барын ұсынып бақты. Көк көз қыз: «Тойдым, жемеймін», - деп бас тартқан еді. Əкем оның да жолын тауып: «Біздің қазақта астан үлкен емессің деген керемет мақал бар. Оның үстін, үлкен адамның қолын қайтаруға болмайды. Сосын, берген нəрсені ақырына дейін тауысып қою керек. «Жаманнан жарты қасық артылады» деген мақалымыз жəне бар», - тықақтады.
Бұдан кейін неміс қызы біз ұсынған тағамның бір де бірінен бас тартқан жоқ. Еттен кейін шай, шайдан кейін де шай ішетін қазақпыз ғой. Осының бəрінде Ева (неміс қызының есімі) бізбен бірге тамақтанумен болды. Бізбен бірге əбден ішіп-жеген Евалинадан бір кезде маза қаша бастады. Әжетхана қағазын алып, түнімен жүгірумен болды. Таңға жақын Еваның қарасын да таппай қалдық. Қазақтардың тамақ ішуінен қорқып, орыстар жатқан купеге ауысып кетіпті


Салтанат Абылбекова