logo

«ӨЛЕМІН-АУ ДЕП ОЙЛАДЫМ...»

  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 534 рет

Адам баласы ауырып, сырқаты əбден меңдеген кезде терісі қабыршықтанып, қарая бастайды екен ғой. Көрші Батима апайдың кейінгі кезде көп ауырып, терісінің қарайып бара жатқанын естіп, қай-қайдағы есіме түсіп кетті. Алла ол апама дертінің шипасын берсін деймін.

Мен де төртінші баламды босанып, перзентханада жатқанымда аяғым күп болып ісіп, қарайып кетті. Аяғымда жан-жоқ сияқты. Күннен-күнге қарайып барады. Қорыққанымнан сол жердегі дәрігерлерге айтқанмын. Аяғымды басып-басып көрген олар: «Не болып кетті?» - деп қорқа бастады. - Сізден қайтадан бастан-аяқ анализ аламыз. Аяғыңыздағы ісік қайтпаса, облыстық перзентханаға жөнелтеміз».

Менен тіптен маза қашты. «Өліп қаламын» - деп қорықтым. Үйдегі үш перзентім мен қасымда пысылдап ұйықтап жатқан кішкентай сəбиімді қимай, уайымдап жылай бердім. Оның үстіне палатаға кіріп, жылы сөйлеген медбикелердің сөзі жүрегімді езіп барады. «Мыналар мендегі жағдайдың жақсы емес екенін біліп, мені мүсіркеп, жылы сөйлеп жатыр», - деп одан сайын егілемін. Күйеуімнен мүлдем ес кеткен. Əр келген сайын, перзентхананың терезесінен бетіме қарап, ұзақ телміреді. Содан не керек, қолымды сулап алып: «Құдайым, алсаң - ал, алмасаң – қой», - деп ашумен аяғымды тырналап отырғанмын. Міне қызық! Тырнаған жерлерім кəдімгідей ағарып жатыр. Түкке түсінбей доктордың кабинетіне қарай жүгірдім. Кеше ғана менің дертімнің неден болғанын таппай, дал болып жүрген докторлар аяғымның ағарып қалған жерлерін көріп, күлкіге шашалды:

- Ай, аңқауларым-ау, аяғыңа үстіңдегі киімнің бояуы жұғып қалыптығой, - дейді Салтанат Абылбекова