logo

Отырарда тұңғыш рет "Музей түні" өтті.

Таңдаулы Отырарда тұңғыш рет "Музей түні" өтті.
  • Бөлім:  Мәдениет
  • Оқылды 402 рет

18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде «Музей – халық қазынасы» атты тарихи-танымдық мерекелік шара өтті.

Сан ғасырлық мұралардың киелі ордасына айналған аталған музей Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру, Астананың 20 жылдығы және кәсіби мерекеге орай «Музей түні» атты кешкі мерекелік шараны тұңғыш рет ұйымдастырды.
Көрермендер үшін ашықтық және қол жетімділік, өнерді дәріптеу және танымал ету, жастардың назарын аудару, ұмытылмас мереке ұйымдастыру мақсатында өткізілген шараға аудан әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы қатысып, барша отырарлықтар мен музей қызметкерлерін айтулы күнмен құттықтады.
«Отырар - өзінің көне тартпас тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған, ұлттың рухани алтын қазығы. «Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» деп Елбасымыз бекерге айпаса керек. Әлемдік тарихта өз орны бар Отырардың мәртебесін көтеру жолында еңбек етіп жатқан Сіздердің ұжымдарыңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!» деп, ізгі тілегін білдірген аудан басшысы Е.Айтаханов бірқатар қызметкерлерге алғыс хат пен сый-сияпатын табыс етті.
Мерекелік шарада музей көрермендеріне «Тас дәуірі – Қарахан дәуірі» экспозициялық бөлімінде сол кезеңдердің үлгісімен киінген таныстырушылардың әңгімелері ерекше қалдырса, «Отырар Моңғолдардың кезінде», «Құмырашы», «Киіз үй» бөлімдерінде қойылған театрландырылған көріністер көне заманды бейнеледі. Ал әлем ұстазы атанған Әбу Насыр әл Фараби - тек отырарлықтардың ғана емес, күллі түркі әлемінің, қала берді мұсылман қауымының мақтанышы. Музей түнінде ғұлама бабаның туған жер туралы толғамы, ғылым мен білім жайлы толғаныстары тамашалаушыларды айрықша тебірентті.
Сонымен қатар, «Қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығы – Ұлттық киімдер», «Аңшылық, саятшылық, балық аулау» сынды бірқатар таныстырылымдар мен музей қызметкері Нұрсейіт Әмзенің тарихқа байланысты қойған викториналық сұрақтары руханият әлемін бойға терең сіңіруге әсер етті.
Ғасырлар тереңінен сыр тартқан өлке тарихымен жете танысуға шақырған «Музей түні» мәдени шарасы ауызашарға ұласты.

Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі