logo

Оңтүстік Қазақстанда iрi қара саны 925 мыңды құрады

  • Бөлім:  Экономика
  • Оқылды 339 рет

Оңтүстік Қазақстанда жалпы, тәуелсiздiк алғаннан бергi жылдары мал басы, оның iшiнде iрi қара саны әжептәуiр көбейдi. 1991 жылы облыстағы iрi қараның саны 464 300 болса, 2016 жылы ол 815 мыңға жеттi. Ал, биыл 10 айдың қорытындысы бойынша iрi қара саны 925,6 мыңды құрады. Демек, облыста сүт кластерiн дамытуға тамаша мүмкiндiк бар.

Мемлекет тарапынан осы саланы жандандырғысы келетiн азаматтарға қолдау көрсетiлуде. Ең бастысы, шаруа қожалықтары мен кооперативтер, сүт өндiрушi компаниялар бастамаларын ғылыммен ұштастырып, жұмыс қарқынын арттыруы тиiс. Қазақстанда әзiрленген сүт өнiмдерi шет мемлекеттердiң дүкен сөрелерiнде тұрса ғана сүт кластерi дамып, ел экономикасы күшейе түспек.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi тарапынан 2017 жылы 75 ауыл шаруашылығы кооперативiн құру мiндеттелген. Бүгiнде олардың саны 158-ге жетiп, тапсырма 210 пайызға орындалған. «Нәтижелi жұмыспен қамту» бағдарламасы және «ҚазАгро» АҚ облыстағы еншiлес мекемелерi арқылы шаруалар мен кооператив мүшелерiне түрлi бағдарламалар бойынша жылдық 6 пайызбен несиелер берiлуде. Мiне, осы қолдаулар нәтижесiнде отбасылық фермалар мен iрi кооперативтерде сүт өндiру көлемi артуда.