logo

Түлкібаста «Өрлеу» бағдарламасымен 778 адам қаржылай қолдауға ие болған

  • Бөлім:  Экономика
  • Оқылды 371 рет

Түлкібас ауданында «Өрлеу» бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр. Жобаға… аудан аумағындағы 750 отбасын.., яғни, 1137 жанды тарту жоспарланса, күні бүгінге дейін 778 адам қаржылай қолдауға ие болған. Олардың ішінде сауда-саттықпен айналысып, іс тігіп жатқандары да бар. Ал, аудан билігі болса, жыл соңына дейін тағы біраз шаңыраққа шартты ақшалай көмек беруді жоспарлап отыр.

Бағдарлама арқасында кәсіп ашқандардың бірі – Қаһармановтар отбасы. Бұл шаңырақ мемлекеттен шартты ақшалай көмекпен қоса, төмен пайызды несие алған. Бүгінде ол қаржыны қара мал бордақылауға жұмсап отыр. Сиыр сауып, сүтін де сатады. Отанасының айтуынша, мемлекеттік бағдарлама қатысушысы болғалы, табыстары жаман емес. Енді, кәсіптерін кеңейтуді көздеп отыр.

Жалпы, ауданда «Өрлеу» бағдарламасы бірнеше бағытта жүзеге асып жатыр. Соның бірі – еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру. Бұл бағыт бойынша биыл 36 отбасы әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама алды. Қолында дипломы жоқ, немесе сұранысқа сай емес, мамандық иелері де қайта даярлықтан өтіп, бағдарлама шарапатын көруде.

«Қайта даярлау курстарына әртүрлі мамандық бойынша 22 отбасы өтініш беріп отыр. Бөлінген қаржы 334 уақ және қара мал алуға, құс өсіруге, сонымен қатар, сауда-саттықпен, тігіншілікпен айналысуға бүгін 16 отбасы өтініш беріп отыр»,- Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.

Жыл қорытындысына сай, аудан бұл бағдарламаға бөлінген қаржыны толық игерді. Дей тұра, «Өрлеу» арқылы өз ісін бастауға ниеттілер әлі де бар.

Сұранысқа ие мамандыққа машықтанып, кәсібіңізді дөңгелетуге болады. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» осындай мүмкіндіктерге жол ашады. Еңбекке епті түстік азаматтары осылайша жұмыспен қамтылып, табыстарын еселеп отыр.

Сыздықовтар отбасы жылыжай шаруашылығымен айналысады. Жеңілдетілген пайызбен 5 млн. теңгенің несиесін алып, 9 соттық жерге қияр мен қызанақ еккен. Алғашқы жиын-терімнен 15 тонна өнім алды. Қазір жергілікті нарықтан бөлек, Тараз, Қызылорда, Байқоңыр қалаларына да тауар тасымалдауда. Енді өнім көлемін арттырып, 20 мың тонна көкөніс жинаймыз деп, құлшынып отыр.

Кәсіп ашып, ісін ілгерілеткендердің тағы бірі –  Наргиза Исақова. Келіншектің жоғары білімі бар. Психолог. Алайда, өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмапты. Қазір бағдарлама аясында ұйымдастырылған үш айлық курсқа қатысып, тігіншілікті игеріп жүр. Қолынан іс келетін ол бұл шаруаны да тез меңгеріп алды. Киім пішіп, оны еппен тігіп жүр. Кескіндемемен де жақсы жұмыс істейді.

Сала мамандары бағдарлама аясында 12 мыңнан аса тұрғынның қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жөнелтілгенін айтады. Қазір 30 шақты орталықта білім алып жатқан болашақ мамандар білген-түйгендерін тәжірибемен ұштастыруда.

Сала басшысы мұндай шараларға көбіне әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындар мен жұмыссыз азаматтар тартылуда, – дейді. Басқармадағы жүйелі жұмыстың арқасында күнгейліктер бағдарлама межесін 90 пайызға орындап отыр.