logo

Оңтүстікте жыл басынан бері 600 мыңнан астам сүт және сүт өнiмдерi өндiрiлді

  • Бөлім:  Экономика
  • Оқылды 341 рет

Оңтүстiк Қазақстан облысы тұрғындары бiр жылда 738,4 мың тоннадан астам сүт және сүт өнiмдерiн тұтынады. Былтыр фермерлерiмiз 710,6 мың тонна сүт өндiрiп, облыстағы сұраныстың 96 пайызын қамтамасыз еткен. Жеке қолда қаншама iрi қара бар екенiн ескерсек, өңiрде сүт тапшылығы жоқ деуге толық негiз бар. Биыл 10 айдың өзiнде 626,1 мың тонна сүт және сүт өнiмдерi өндiрiлiп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,7 пайызға артқан. Бұл – облыста сүт кластерiн дамыту бағытында жақсы жұмыс атқарылып жатқанының дәлелi,-деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газеті.

Қазiр сүттi жайма базарға апарып немесе үй аралап сатудың дәуiрi өтiп барады. Әрине, қолдың сүтi мен айранын алғанға не жетсiн?! Оның тұтынушылары болған және бола да бередi. Дегенмен, әлемдiк нарыққа шығу үшiн оны өңдеп, арнайы брендпен экспорттаған жөн. Қуанарлығы, облыста сүт шаруашылығымен айналысатын iрi компаниялар саны артып келедi. Ал, осы компаниялар өз иелiгiндегi iрi қаралардан бөлек ауылдар мен елдi мекендердегi жеке қолдағы сиырлардың да сүтiн қабылдайды. Бұрын сүттi қабылдау және тасымалдау қиын едi, қазiр ауыл шаруашылығына көрсетiлген нақты қолдаулар нәтижесiнде бұл мәселе де шешiмiн таба бастады. Биыл облысымызда халықаралық талаптарға сай 46 сүт қабылдау бекетi ашылды.